Нұр-Сұлтанда автокөлігімен қару-жарақ пен оқ-дәрі тасымалдаған ер адам ұсталды.
Полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында сағат 22:05-те Баршын көшесінде алдын ала берілген жедел ақпарат бойынша 32 жастағы ер адам мінген «Toyota» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Ұсталған адамның автокөлікке құқық белгілеуші құжаттары болмаған.
Сонымен қатар, ол бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Автокөлікті тексеру барысында үш ас пышағын және бір аңшы пышағын, 32 мм калибрлі тегіс ұңғылы қару және оның патрондары тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.