Арман Қанапин: «Ішкі істер органдарының кез келген саласы қауіптілікпен ұштасады»

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері күн сайын жүздеген шақыртуларға шығып, ондаған қылмыстың алдын алады. Арман Қанапин шахтерлер өңірінің ең ауқымды аудандарының бірінде учаскелік инспектордың міндетін атқарудың қыр-сырымен бөлісті.

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі қылмыс саны мен шақырулары бойынша екінші орында тұр. Бұл бөлімшеде құқық қорғау қызметкерлері қаланың үлкен аумақтарының бірінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды және күн сайын қылмыскерлердің іс-әрекеттерін әшкерелеумен айналысады.

Олардың арасында Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Арман Қанапин де бар. Ол ішкі істер органдарында 2013 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор болып бастаған. Екі жыл жұмыс істегеннен кейін 2015 жылы учаскелік қызметкер лауазымына ауыстырылған. Аталған учаскеде 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

— Сіз неге дәл осы саланы таңдадыңыз? Не дегенмен учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес…

  • Ішкі істер органдарында кез келген салада жұмыс істеу оңай емес. Әр қызметтің өзіндік бір қиындықтары бар. Маған учаскелік ролиция қызметін атқарған ұнайды. Өйткені біз халыққа жақын боламыз. Біз адамдардың тыныштығын, қауіпсіздігін, олардың мүдделерін қорғаймыз. Сондықтан мен өз жұмысымды жақсы көремін.

— Пандемия кезінде карантиндік шектеулер сіздің қызметіңізге қалай әсер етті? Сіздің жұмысыңыз күрделене түсті ме, қылмыс азайды ма?

  • Біздің ойымызша, карантин кезінде қоғамдық қылмыс азайды. Бірақ тұрмыстық қылмыстар көбейді деуге болады. Отбасы ішінде орын алып жатқан жанжалдар көбейді. Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс жиілеп кетті. Жалпы алғанда, біз орташа есеппен күніне кемінде 5-6 шақыртуға шығамыз. Жұмыс таңғы сағат 08:00-де саптық жиыннан басталып, түнгі 23.00-ге дейін созылады. Осы уақыт аралығында әртүрлі себептермен ондаған шақырулар келіп түседі.

— Сіздің өміріңізге әрқашан қауіп төнетіні жасырын емес. Бірақ сіздің жадыңызда сақталып қалған оқиғалар бар ма?

  • Аптасына бір рет түнгі патрульге шығамыз. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында қылмыстың алдын алу мақсатында бір шақыру келіп түсті. Құрылысшылар даңғылындағы «Арай» базарына ұрылар түскені туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру келіп түскен кезде жақын маңда жүрген барлық патрульдер жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері жиналып, «Арай» базарының ғимаратын қоршауға алды. Сол кезде мен ғимараттың шатырына өрт сөндірушілерге арналған қосалқы баспалдақпен шықтым. Сол уақытта шатырда екі адам жасырынған болатын. Мен оларға жақындағанда қылмыскерлердің бірі маған ұмтылды. Бір қолында пышақ, екінші қолында бұрауыш болды. Екінші қылмыскер қашып кетуге тырысты. Ал біреуі маған шабуыл жасады. Мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолданып, қылмыскерді қарусыздандырып, екіншісінің артынан жүгірдім. Біраздан соң біз оны да ұстап алдық. Ұсталған ұрылардан 200 мың теңге және алтын бұйымдар салынған қорап тәркіленді. Тергеу барысында аталған қылмыскерлер осыған ұқсас 11 ұрлық жасағаны анықталды.

— Пандемия кезінде тәртіп бұзушылықтар қаншалықты жиі кездесті?

  • — Біз аптасына бір рет мобильді топпен бірге қоғамдық орындарға, сауда үйлеріне, ойын-сауық орындарына барамыз. Қатаң карантиндік шаралар енгізілген кезде облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында жазылған ережелерді бұзған бірінші мекеме ойын клубы болды. Оған шектеулерге қарамастан, жасөспірімдер компьютерлік ойындар ойнауға жиналған. Содан кейін түнгі клуб пен мейрамханада адамдардың жиналғанын анықтадық. Қазіргі уақытта мұндай бұзушылықтардың саны азайды. Халық өз денсаулығына саналы түрде қарай бастады деуге болады.

 

Добавить комментарий