Ресейлік «Спутник V» вакцинасы тағы екі елде — Сербия мен Аргентинада өндіріледі.
Аргентинадағы Laboratorios Richmond компаниясының басшысы Марсело Рубен Фигейрас Петербург халықаралық экономикалық форумында 2021 жылдың соңына дейін 100 млн доза өндірілетінін айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Аргентинада вакцина шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Оның құрылысы аяқталғаннан кейін елде жылына 500 млн доза вакцина өндіріледі.
РТС серб телерадиоканалы «Спутник V» вакцинасының өндірісі жұма күні Сербияның «Торлак» институтының базасында басталғанын хабарлады.
Салтанатты рәсімде «Торлак» институтының директоры Вера Стоилкович өндірістік желіні іске қосты.
Сербия мен Ресей президенттері Александр Вучич пен Владимир Путин желінің іске қосылуына бейнебайланыс арқылы қатысты.
Аталған вакцина Сербиядағы вакциналау пункттерінде 10 күн ішінде қолжетімді болады.
Сербия «Спутник V» вакцинасының өндірісін бастаған Еуропадағы алғашқы ел болды.
Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Гамалея атындағы орталығы әзірлеген «Спутник V» вакцинасы 66 елде тіркелген, ДДҰ мен Еуропалық дәрілік заттар агенттігінде (EMA) тіркеуден өтіп жатыр.