Арал теңізінің түбіне ағаш отырғызылады

Қазақстанда экологиялық жобаны жүзеге асыруға екі млрд теңгеге жуық қаржы жұмсау жоспарланған. Құрғап қалған Арал теңізінің түбіне ағаш отырғызу туралы шешім қабылданды.

Алдағы жылдары 213 мың гектар жерге көшеттер отырғызылады. Салыстыру үшін, Қазақстан 29 жыл ішінде 194 мың гектар жерге ағаш отырғызды.

Бес жыл ішінде Қазақстан Арал теңізінің түбіне 177,5 млн көшет отырғызады, оған облыстық және республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр, деп хабарлады үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

«Жоспарға сәйкес таяу жылдары Арал теңізінің құрғап қалған 213,1 мың гектар жерге 177,5 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Ол үшін 265 мың гектар жерге топырақ зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Елді мекендерді қажетті көшеттермен қамтамасыз ету үшін орман қорының көлемі жүз гектарға ұлғайтылды», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, алдағы бес жылда бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінеді.

«Қазіргі таңда өңірдің орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық техникалық базасы төмен деңгейде екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты біз қажетті техниканы сатып алуға республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлу туралы бюджеттік өтінім бердік», — деді әкім.

Ол атап өткендей, қазір Арал теңізінің құрғап қалған түбінің жалпы ауданы 6 млн гектарды құрайды, оның 2,5 млн-ы Қазақстан аумағында. 29 жыл ішінде Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде сексеуіл және басқа да галофитті өсімдіктер 194 мың гектар алқапқа отырғызылды. Олар табиғи жолмен өсіп, көбейеді.

Добавить комментарий