Қарағандыда қала аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді. Бес адам қолға түсті. Жасырын покер клубы Қарағандыдағы қонақ үй кешендерінің бірінде жұмыс істеген. Оқиға орнынан 2 млн теңге және 1 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша, ұялы телефондар, ойын карталарының қорабы, фишкалар мен покер ойнауға арналған үстел табылып, тәркіленді.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «STOP-ойын» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу нәтижесінде жасырын покер клубының заңсыз қызметінің жолын кесті. Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде Қарағанды қаласындағы қонақ үй кешендерінің бірінде жұмыс істеген жасырын ойын бизнесі анықталды. Қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталды. Оқиға орнында 2 млн теңге және 1 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражаты, ұялы телефондар, ойын карталарының қорабы, фишкалар мен покер ойнауға арналған үстел табылып, тәркіленді.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушыларына қатысты (2 адам, бұрын біреуі осыған ұқсас қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған) «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 307-бабы 2-б., 262-бабы 1-б. және 2-б. бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде.