Қарағандыдағы хайуанаттар бағының дәрігері интернетте таралған видеоға байланысты жұмыстан қуылды

Қарағандыдағы хайуанаттар бағының ветеринарлық дәрігері операциядан кейін қансыраған бұғыларды келушілердің көзінше қалдырып кеткені үшін жұмыстан босатты.

Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мүйіздері кесілген бұғылар көрсетілген видео таралғаннан кейін, жергілікті хайуанаттар бағының ветеринарлық дәрігері өз міндетіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан босатылғанын хабарлады

«Хайуанаттар бағының директорына сөгіс жарияланды, сондай-ақ өзінің лауазымдық міндетін дұрыс орындамағаны үшін хайуанаттар бағының ветеринарлық дәрігері жұмыстан шығарылды. Ол отадан кейін жануарларды зообақ аумағында келушілердің назарынантыс жерге орналастырмады», — делінген Қарағанды әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағандының хайуанаттар бағында мүйіздері кесіліп, қансыраған бұғылар көрсетілген видео пайда болған. Видеоның астындағы түсініктемеде жануарлардың тамырлары зақымданып, жансыз күйде жатқаны айтылған.

Қарағанды хайуанаттар бағының басшылығы хабарлағандай, мүйізді кесу — қауіпсіздік үшін өткізілетін жыл сайынғы практика. Ғылыми қызметкер бұғылардың өміріне ешқандай қауіп төнбегенін және олар жүре алатынын айтты.

Добавить комментарий