Алматы хайуанаттар бағында қар барысы толық оңалтудан өтіп, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан табиғатқа қайтарылды, деп хабарлады хайуанаттар саябағының өкілдері.
Алматыдағы хайуанаттар саябағындағы қар барысы мамандардың толық тексеруінен, емдеуден және оңалтудан өтті. Соңғы тексеріс көрсеткендей, хайуанаттар саябағында қар барысы 8 келіден астам салмақ қосып, өз денсаулығын толық қалпына келтіріп, табиғатқа оралуға дайын болды. 15 шілдеде ол Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағына жіберілді.
«Қар барысы сирек кездесетін түр болғандықтан, ұлттық саябақтарда мекендейтін барыстар мен басқа да жануарларды зоологтар мұқият бақылайды. Осы мақсатта ғалымдар жануардың қозғалысын бақылап, оның тіршілігін қадағалап отыруы үшін қар барысының мойнына арнайы спутниктік таратқышы бар қарғыбау тағылды», — деп баса айтты хайуанаттар саябағының өкілдері.