Қазақстанда қант бағасының қымбаттағаны байқалады. Билік басындағылар бұл мәселені шешуге қауқарсыз болып отыр.
Кейбір өңірлерде қант бағасы бірден 45%-ға көтеріліп, келісі үшін 300 теңгеден сатылып жатыр. Бұған отандық шикізаттың (қант қызылшасының) жетіспеушілігі және еліміздің қажеттілігін өтеуге қабілетті зауыттардың болмауы себеп болып отыр.
Қазақстанға қанттың басым бөлігі егістік алқабын тұрғын үйлер салуға бермейтін елдерден жеткізіледі — Ресей мен Беларусьтен.
Рафинадтың бағасы құмнан қымбат — келісін 550 теңгеден сатып алуға болады. Ал құмның бағасы 319 теңгеге дейін жетеді. Тұтынушылардың айтуынша, осыдан бір ай бұрын қанттың бағасы арзан болған.
Шымкентте қанттың орташа бағасы — 395 теңге. Себебі, базарларда, супермаркеттер мен үйдегі дүкендерде баға бірдей, ал кейбір сауда желілерінде оның бағасын субсидия арқылы ұстап тұр. Бұл үшін Шымкентке 2000 тонна қант бөлінді, оны әр адамға 5 келіден сатып жатыр.
«Жеткізушімен келісімшарттар жасалды, қазір «Грамад» сауда орталығында белгіленген бағамен — келісі үшін 287 теңгеден сатылып жатыр, онда қантқа лимит бар. Жыл басынан бері ресми деректер бойынша, бізде қант бағасы 22,9%-ға өсті», — деп хабарлады Шымкент кәсіпкерлік басқармасының бөлім бастығы Қайрат Базарбеков.
Қанттың ең қымбаты Нұр-Сұлтанда, ең арзаны Таразда
Бұл ретте ең жоғары баға Нұр-Сұлтанда – келісі үшін 320 теңге, Атырауда – 315 теңге, Павлодарда – 301 теңге. Energyprom.kz мәліметінше, қантты ең арзан бағада Таразда сатып алса болады – келісі үшін 245 теңге. Өңірлер бойынша қант бағасы Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында қатты қымбаттады, онда баға шамамен 45%-ға өсті. Ең төмен баға Алматыда, бір жыл ішінде 17% -ға өсті.
Қант өндірушілер қауымдастығының пайымдауынша, астық көлемі былтырғыдай болады. Мамандар егіс алқабын ұлғайту мәселесін бұрыннан көтеріп келеді, алайда олар фермерлерге жағдай жасап, егісті алқапты суару үшін су мен ЖЖМ жеңілдікті бағамен беру керек.
«Біз мемлекеттік тапсырыс бойынша отандық қантпен әлеуметтік нысандар, ауруханалар, балабақшалар, мектептерді қамтамасыз етуді сұрадық. Олар қантты Ресейден емес, өзіміздің қантты алса дейміз», — деді ҚР Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наузғалиева.
Көршілес Ресей мен Беларусь қант бағасын көтеруді жоспарлап отыр, демек Қазақстанда да оның бағасы қымбаттайтыны сөзсіз.