Анасын өлтірген қарағандылық азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ол созылмалы психикалық бұзылудан зардап шегетіні белгілі болды.
Оған мәжбүрлі түрде медициналық көмек көрсетіледі.
Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам ҚР ҚК 293-бабы, 1-бөлігі, 99-бабы, 1-бөлігінде көзделген әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
«Ер адамның есі дұрыс емес деп танылуына және заң бойынша қылмыспен келтірілген зиянды өтеу міндеті жүктелуі мүмкін адамның болмауына байланысты, жәбірленушілердің талап-арыздары қанағаттандырусыз қалдырылды», — делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енді.
Қарағанды қаласында 3 маусым күні сағат 00:30 шамасында ер адам созылмалы психикалық бұзылыс жағдайында бұзақылық ниетпен Гапеев көшесінің №31 үйінің жанында тұрған бірнеше автокөліктің терезелерін сындырған.
Одан басқа, сол түні шамамен сағат 03.45-те, Гапеев көшесі, 29 үй мекенжайындағы пәтерде темір табамен соққылар мен көптеген пышақ жарақатын келтіру арқылы өз шешесін өлтірген.
«Кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ол созылмалы психикалық бұзылудан зардап шегеді, қылмыс жасау кезінде психикалық бұзылыс жағдайында болған, яғни өз іс-әрекетінің нақты сипатын, қоғамдық қауіптілігін түсінбеген және басқара алмаған», — деді соттағылар.
Тергеу және сот алдында жауапты бола алмайды. Ол медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды қажет етеді.
Оның кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындылары және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.