Алматылық мұғалімдердің жалақысы көтеріледі

Келесі жылдан бастап алматылық мұғалімдер жоғары жалақы алады. Дәрігерлер, кітапханашылар мен техперсоналдың жалақысы ұлғайады.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың сөзіне сілтеме жасап хабарлады.

«Алдағы жылы педагогтар мен медицина қызметкерлерінің жалақы қоры 170 млрд теңгені құрайды. Келер жылы 32-33 мың педагогтың жалақысы 25%-ға артады, Бұл үшін қала бюджетінен 73 млрд теңге қарастырылған. Егер 2022 жылы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-255 мың теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 мың теңгеге дейін артады», — деді Әсем Нүсіпова.

Ол 2023 жылы кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің және білім беру саласының басқа да қызметкерлерінің жалақысын 22%-ға арттыру қарастырылғанын хабарлады. Оған 9 млрд теңге бөлінді.

«Біліктілігін арттыруды растаған 19 мыңға жуық педагог үстеме ақы алады, ол үшін қосымша 25 млрд теңге қарастырылған», — деді әкім орынбасары.

Әсем Нүсіпова мәслихат депутаттарына 2023 жылы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің де жалақысы көтеріоетінін айтты.

«Атап айтқанда, дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердікі — 20%-ға, кіші медициналық қызметкерлердікі — 18%-ға артады. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 350 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы — 205 мың теңгені құрайды», — деп түйіндеді Әсем Нүсіпова.

Добавить комментарий