Алматыдан Сейшел аралдарына тікелей рейс ашылады

Қазақстан мен Сейшел аралдары арасында тікелей рейс ашу жоспарлануда.

Виктория-Алматы бағыты бойынша рейс 2023 жылдың қаңтар айында басталуы мүмкін

Монреаль қаласында (Канада) өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 41-ші сессиясы шеңберінде қазақстандық делегация Сейшел аралдары Республикасының авиациялық билік орындарымен келіссөздер жүргізді. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен Сейшел аралдары Республикасының Көлік министрі Энтони Дерьякуес кездесуі барысында Қазақстан мен Сейшел аралдары арасындағы тікелей әуе қатынасы мәселелері және оны одан әрі даму жолдары талқыланды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тарихта алғаш рет меморандумға қол қойды, оған сәйкес екі елдің тағайындалған тасымалдаушылары әр тараптан әуе кемесінің кез келген түрімен елдер арасында аптасына 7 тұрақты рейсті орындау құқығына ие болды», — делінген хабарламада.

Министр Энтони Дерьякуестің айтуынша, «Эйр Сейшел» ұлттық авиакомпаниясы қол қойылған құжат негізінде келесі жылдың қаңтарында Виктория — Алматы бағыты бойынша елдеріміз арасында тікелей рейс ашуды жоспарлап отыр.

Добавить комментарий