Алматыдағы ғимараттардың отыз пайызы сейсмикалық қауіпті күйде, қатты жер сілкінісі болса қирап кетуі мүмкін
Сейсмикалық төзімділік бағдарламасы қаржыландырудың жетіспеушілігінен іске асырылмады.
Алматы әкімдігі 7-8 баллдық жер сілкінісі болса ғимараттардың 30%-ы қирап кетуі мүмкін, 385 мыңға жуық адам опат болуы ықтимал деп есептейді.
«10 балдық жер сілкінісі болса, қалаға 2 трлн 479 млрд теңге шығын келуі мүмкін», — деді әкімнің орынбасары Серік Құсайынов мәжілістегі үкімет сағатында.
ТЖМ басшысы Юрий Ильин Алматыдағы қатты жер сілкінісінің ықтимал салдарын айтпады. Оның айтуынша, қалада ірі ауқымдағы жер сілкінісі қаупі бар, алайда, өміріне қауіп төнетіндер мен жарақат алатындардың санына қатысты сарапшылардың мәліметтері әртүрлі.
Сонымен қатар, министр атап өткендей, елімізде қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты сейсмикалық төзімділік бағдарламасы толық іске асырылмады.
«Қаражаттың тапшылығынан көптеген бағдарламалар қысқартылды. Бізде пандемия қаражаттың елеулі көлемін шектеді, оның ішінде төтенше жағдайдың алдын алуға қатысты», — деп қорытындылады Юрий Ильин.