Алматыда қоймадан қолма-қол ақшасы бар сейф ұрланды

Алматыда опа-далап өнімдер қоймасына қарақшылық шабуыл жасалды. Қаскүнемдер қолма-қол ақшасы бар сейфті алып кеткен.

«Қарақшылар өздерін күзет компаниясының тексерушілері ретінде таныстырып, алдау жолымен ішке кірген. Күзетші қулықты сезбей, есікті ашқанда  соққыға алған. Қаскүнемдер сегіз миллион теңге көлемінде ақша жатқан сейфке беттеген. Олар үй-жайды ашып, ақшалай қаражаттан басқа декоративті косметика салынған бірнеше қорапты ұрлап кеткен. Күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткеннен кейін күзетші дабыл соққан. Аталған факті ҚР ҚК-нің 192-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кешендік іс-шаралар нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олардың үшеуі Алматы облысынан және біреуі ШҚО-ның тұрғыны. Топтың ең үлкен мүшесі 32 жаста, кіші мүшесі — 20 жаста. Бұрын олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған», — деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

Полицияның мәліметінше, күдіктілерді ұстау операциясын ПД-ның арнайы бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген. Олардың көлігі қалаға кіре берісте бұғатталған.

«Қарақшылар ұрланған сейфті қылмыстан кейін бірден сенімді жерге жасырған: оны екі күннен кейін алып кетуге келіскен. Оған дейін біз кездесудің уақыты мен орны туралы жедел түрде анықтадық. Айтпақшы, ұсталғандардың бірі осы фирмада экспедитор болып жұмыс істейді, компанияның кірісі туралы хабардар болғаннан кейін, өз достарын осы нысанға алып келген. Сондықтан да қаскүнемдерге күзетшіні алдап соғу көп қиыншылық әкелмеген. Қазір ұсталғандар қамауда отыр. Заттай дәлелдемелер алынды. Тергеу жұмыстары жалғасуда», — деп түйіндеді Аханов

Добавить комментарий