Алматы: Полицейлер ұрланған көліктерді жер асты тұрақтарынан іздеп жатыр

Алматы қаласы полициясының мобильді топтары ұрланған және тұраққа көлік қою ережелерін бұзған автокөліктерді анықтау бойынша шаралар қабылдай отырып, жерасты тұрақтарында белсенді жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар газ баллон орнатылған автокөліктерді анықтауға бағытталған сәтті операция аяқталды. Ережеге сәйкес, мұндай машиналарды жабық жерасты тұрақтары мен гараждарға қоюға тыйым салынады.

«Газ баллон орнатылған машиналарды анықтауға байланысты операция сәтті аяқталғаннан кейін тағы күш-жігерімізді салуды жөн көрдік. Енді біздің мақсатымыз — тек газбаллон орнатылған автокөліктерді ғана емес, қылмысқа, ұрланған немесе басқа да құқық бұзушылықтарға қатысқан көлік құралдарын анықтау», — деп атап өтті қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Күлбаев.

Операция барысында газ баллон орнатылған алты автокөлік иесі анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, соңғы тәулікте полиция қаланың жер асты тұрақтарында іздеуде жүрген екі көлікті тапты.

Полицияның бұл шарасы жер асты тұрақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға, сондай-ақ ұрланған немесе қылмысқа қатысқан автомобильдерді жасыру үшін тұрақ орындарын анықтауға бағытталған.

Добавить комментарий