Алматыда онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған ядролық медицина орталығы ашылды.
Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыда «МедИнвестГрупп Қазақстан» компаниясының қолдауымен ашылған Ядролық медицина орталығына барды.
Бұл еліміздегі алғашқы инновациялық медициналық орталық, оның қызметі онкологиялық ауруларды диагностикалауға бағытталған. Орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде барлық қазақстандықтарға тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізіледі.
Ядролық медицина орталығы онкологиялық патологияларды ерте анықтау үшін ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Жоғары технологиялық ПЭТ сканері – Biograph Horizon, Siemens позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография мүмкіндіктерін біріктіреді.
Зерттеу ісіктің құрылымы мен функционалдық ерекшеліктерін молекулалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс ең кішкентай ошақтарды анықтауға және неоплазмалардың орналасуы мен шекаралары туралы нақты мәліметтермен адам ағзасының үш өлшемді бейнесін алуға мүмкіндік береді.