Алматы қайтадан сары аймаққа оралуы мүмкін.
Қалада коронавирус жұқтырған науқастар саны артып келеді. Талдау нәтижесі көрсеткендей індет жұқтырғандардың артуына «Стелс-омикрон» штамы себеп болған, деп хабарлады қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
«23 маусымда зертханаға ПТР нәтижесі оң болған 74 сынама жеткізілді, 58 сынама стелс-мутация, 16 сынама омикрон-мутация ықтималдығын көрсетті», — деп хабарлады департамент.
29 маусымдағы жағдай бойынша, Денсаулық сақтау министрлігі 497 жұқтыру жағдайын тіркеді. Олардың 275-і вакцина алмаған, ал 112-сі толық вакцина алған, бірақ 6 айдан кейін ревакцинациядан өтпеген.
«Вакцинация мен ревакцинация алмағандар «Стелс-омикрон» жұқтыруда. Сондай-ақ, вакцинаны бір жылдан астам уақыт бұрын алғандардың да вирус жұқтыруы мүмкін. «Стелс-омикрон» әлсіреген иммунитетті бұзып, ағзаға енетін қабілеті жоғары», — деп түсіндіреді мамандар.
Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Алматыда қалыптасқан қарқынмен вирус таралатын болса, «сары» аймаққа өту әбден мүмкін екенін атап өтті.