Алматы облысында жасөспірім мектеп ғимаратында бомба қойылды деп хабарлаған

Белгісіз біреу түнде мұғалімдерге Панфилов ауданының Аққұдық ауылында мектеп жарылатынын айтып ескертті. Үрейленген мектеп қызметкерлері оқиға туралы полиция қызметкерлеріне хабарлаған.

Тәртіп сақшылары талапқа сәйкес әрекет етіп, аудандағы барлық тиісті қызмет өкілдері оқиға орнына жедел жиналған.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дабыл бойынша полицияның жеке құрамы оқиға орнында жиналды. Саперлер тобы жарылғыш затты табу үшін жұмылдырылды. Мектеп аумағы толығымен тексеріліп, қоңырау шалған адамның жалған ақпарат таратқаны дәлелденді. Жедел-тергеу шаралары барысында 14 жасар жасөспірімнің қоңырау шалғаны анықталды. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», — деп хабарлады Панфилов аудандық ПБ бастығының міндетін атқарушы Жандос Кавлиев.

Ауыл тұрғындарын дүрбелеңге салған қоңыраудан кейін мектеп маңында тұратын отбасылар қауіпсіз жерге шығарылды.

Полицейлер қандай да бір ақпаратты білуі мүмкін адамдардан жауап алып, көп ұзамай телефон террористін тапты. 14 жасар жасөспірім мектепке бомба қойылды деп қоңырау шалғаны анықталды. Мектепке барғысы келмеген жасөспірім осылай қалжыңдаған.

«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу іс-шарасы аяқталғаннан кейін іс материалдары сотқа жолданып, процессуалдық шешім қабылданады», — деп толықтырды Кавлиев.

Добавить комментарий