Алматы облысында ірі соманы тасымалдап бара жатқан автокөлікке қарақшылық шабуыл жасалды. Күдіктілерді жергілікті полиция қызметкерлері құрықтады.
Хабарланғандай, 8 желтоқсан күні түн ортасында Жамбыл аудандық полиция бөліміне 47 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны өзіне қарақшылық шабуыл жасағанын айтып, жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, ол досымен бірге Алматы-Бішкек тас жолында таныстарының ірі көлемдегі ақшалай қаражатын болған.
«Самсы ауылының шетінде жәбірленушінің көлігіне Nissan Cefiro автокөлігі соқтығысқан. Осыдан кейін медициналық бетперде киген үш адам жәбірленушіге шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, оның көлігі мен қаржысын алып кеткен. Қарақшылық шабуыл дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер екі көлікті де жақын маңдағы Самсы ауылына тастап кеткен», — деді Алматы облысы ДП Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.
Полицейлер әртүрлі нұсқалар мен күдікке ілінген топтарды пысықтай отырып, қылмыстық топтың ізіне түсті: Олар Алматы қаласының 27, 31 және 37 жастағы тұрғындары.
17 желтоқсанда Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен арнайы операция барысында күдіктілерді ұстады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында табылған дәлелдемелер көрсетілгеннен кейін олардың барлығы аса ауыр қылмыс жасағандарын мойындады.
«Тергеу барысында ұсталғандардың элиталық дүкендерден қымбат киім мен аяқ киім сатып алу үшін 200 мың АҚШ долларын жұмсағаны анықталды. Бұдан басқа, ұрланған ақшаға олар Lada Priora және Land Cruiser 200 маркалы екі көлік сатып алғаны белгілі болды. Көліктер тәркіленіп, сот шешіміне дейін арнайы тұраққа тоғытылды. Барлық күдіктілерге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сонымен қатар, ұсталғандардың бірін ұрлық жасағаны үшін ШҚО полицейлері 2016 жылдың шілде айынан бастап іздестіріп жатқанын атап өту қажет», — деп қорытындылады Асхат Данияр.