Алматы облысында ҮААЖ құрылысына байланысты тасжолдардың бірі жабылады

Үлкен Алматы айналма жолының (ҮААЖ) құрылысына байланысты Алматы облысындағы тасжолдардың бірі жабылады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, шектеулер 2022 жылғы 2 мамырдан қыркүйекке дейін сақталады.

«Жоба бойынша Қырғауылды, Райымбек ауылдарының қиылысындағы айналма жол және ҮААЖ құрылысына байланысты республикалық маңызы бар Алматы-Шамалған-Ұзынағаш тасжолын 23 шақырымға жабу жоспарлануда. Осыған байланысты Алматы — Шамалған — Ұзынағаш тасжолы арқылы Алматыға кіру қиындық туғызады», — деді Алматы облысы ПД ЖПБ бастығы Нұрлан Ысқақов.

Ысқақовтың айтуынша, айналма жолдар Қырғауылды ауылындағы Көкдала мен Іңкәрбеков көшелерімен, сондай-ақ Райымбек ауылының Сүйінбай және Наурыз көшелері арқылы өтеді.

«Алдын ала аталмыш шектеулер 2022 жылғы 2 мамырдан қыркүйек айына дейін күшінде болады», — деді Алматы облысы ПД ЖПБ бастығы Нұрлан Ысқақов.

Полиция өкілі осы жағдайға түсіністіпен қарап, көлік қозғалысының бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.

ҮААЖ — Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Тасжол Алматы облысының үш ауданы — Қарасай, Іле және Талғар аудандарының аумағы арқылы өтеді.

Мамандардың есептеуінше, ҮААЖ Алматы шегіндегі көлік ағынын азайтуға, транзиттік автокөлік санын қысқартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Айналма жол мегаполистегі көлік қозғалысын 60%-ға азайтады.

Сондай-ақ, Алматыда ҮААЖ-ге дейін тағы екі көше салынатыны белгілі.

ҮААЖ құрылысы 2022 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған болатын.

Добавить комментарий