Алматы облысы білім беру саласында үш ауысымды және бейімделген мектептердің мәселесін шешудің нақты жоспары белгіленді. Алдағы бес жылда 34 мың орынды 34 мектептің құрылысы жоспарланып отыр.
Осы және басқа да белгіленген әлеуметтік жобалар туралы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов облыстық мәслихаттың жаңа құрамдағы бірінші сессиясында айтты.
Бағдарламаның үш басым бағытының бірі өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл үшін, бірінші кезекте, бес жыл ішінде 260 мың жұмыс орнын құру арқылы халықты жұмыспен қамту бойынша шаралар қарастырылған, Бұған «Еңбек» бағдарламасы да ықпал етіп, жыл сайын 30 мыңнан астам адам қамтылады. Сондай-ақ, «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» жобалары аясында 5,5 мың жас оқытылып, жұмысқа орналастырылады. Осылайша, 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға дейін, жастар арасында жұмыссыздық 2,5%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Сондай-ақ, білім беру саласында үш ауысымды және бейімделген мектептер мәселесін шешу жалғастырылады, 34 мың орынды 86 мектеп салынады, Өткен бес жылда облыста 82 мектеп тұрғызылса, оның 59-ы үш ауысымды мектептің орнына салынды.
Денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін тағы 62 нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде Алакөл, Балқаш, Іле, Талғар аудандарында 4 аурухана, Жамбыл, Кербұлақ, Райымбек аудандарында және Талдықорғанда 5 емхана, 54 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салынады. Қазір аймақтағы медициналық мекемелердің ғимараттарының тозуы 56%-ды құрайды, жоспарланған шаралар бұл көрсеткішті 32%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дәрігерлер тапшылығын жою үшін медициналық ЖОО-ның 122 түлегі резидентурада тапшы мамандықтар бойынша оқитын болады. Айта кетейік, жыл сайын әкімнің гранты 260 мектеп түлегіне беріледі.
Бұқаралық спортты дамыту үшін аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Қарасай, Ескелді және Көксу аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, олардың 2 — «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында іске қосылды. Алдағы 5 жылда тағы 58 жаңа спорт нысаны салынады, соның арқасында спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 60%-ға дейін артады.
Осылайша, бағдарламаның адами капиталдың сапасын жақсартуға бағытталған үшінші бағыты осындай ауқымды шараларды қамтымақ.
Айта кету керек, Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының жаңа құрамында бекітілген облыстық мәслихаттың 1-ші сессиясында 3,5 трлн теңге бөлінді, оның ішінде 2 трлн 300 млрд теңге бюджет қаражаты және 1 трлн 200 млрд теңге жеке қаражат.