Қарасай ауданындағы ірі құс фабрикаларының бірінде жаппай құс өлімі тіркелді. Вирустық ауру салдарынан 120 мың бас қырылып, бұл фермадағы барлық құс басының алтыдан бір бөлігін құрайды.
Ветеринарлар зертханалық зерттеулер жүргізіп, құс тұмауы екенін растады.
Компания басшылығынан алғашқы дабыл 27 қазанда келіп түсті. Кәсіпорын жұмысын бірден тоқтатып, қырылған тауықтардың сынамалары алынды. Нәтижесі оң болып шықты.
Қазір Қазақстанды ғана емес, жақын маңдағы елдерді де өніммен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын карантинге жабылды. Мамандар фабрикада дезинфекция жүргізуде.
Мұнда барлығы 230 адам еңбек етеді. Олардан денсаулыққа қатысты шағымдар болған жоқ.
Ауру құстардың етi кәдеге жаратылуға, яғни жойылуға жатады. Құс шаруашылығының барлық өнiмдерi пайдалануға жатпайды. Ол сатудан алынып тасталды және құс шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ жемшөп пен жемшөп қоспаларын әкету-әкелу жөніндегі барлық іс-шаралар тоқтатылды. Қазіргі таңда құс фабрикаларында басқа прецеденттер жоқ. Жағдай тұрақты, — деді Алматы облысы Ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков.