Алматы: кафенің аумағындағы жазғы павильондарды рұқсатсыз ашуға болады

Алматыда уақытша жазғы алаңдар мен жапсарлас аумақтағы мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары рұқсат құжаттарынсыз ашыла алады.

Бұл туралы АКҚ-да өткен брифинг барысында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті.

Қала билігі кәсіпкерлерді қолдау бойынша қосымша шараларды талқылауда. Оның айтуынша, қоғамдық тамақтану нысандары үшін карантиннің күшеюіне байланысты күрделі жағдай қалыптасты, алайда оны күшейту — мәжбүрлі шара. Басқарманың бағалауы бойынша, Алматы бойынша шектеу шаралары шамамен қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған 200 мыңға жуық қызметкердің кірісіне кері әсер етеді. Олардың едәуір бөлігі қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері. Жұмысшылардың 70%-ы — даяшылар мен қызмет көрсетуші персонал.

«Былтыр Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық тамақтану нысандарына уақытша құрылымдарды, үстелдерді, жазғы алаңдарды қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз қою мүмкіндігіне келісім берді. Біз бұл мәселені қайта қолға алдық. Қала әкімі қолдады. Мен жақында локдауннан шығамыз деп үміттенемін және бұл мүмкіндік жалпы тамақтану орындарына беріледі. Сондай-ақ, дайын өнімді қоғамдық тамақтану алдында шығару мәселесін қарастырып жатырмыз», — деді Еркебұлан Оразалин.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы жазғы алаңдарды ұйымдастыру ережелерін әзірледі, бүгінгі таңда олар әділет департаментімен талқылануда. Ереже жазғы алаңдар үшін эстетикалық заманауи конструкцияларды салуды көздейді. «Былтыр осы сала үшін күрделі жағдай қалыптасқанын ескерсек, біз жазғы алаңдар үшін конструкцияларға қойылатын талаптарды енгізуді кейінге қалдырдық. Ереже ағымдағы жылы қабылданады, бірақ 2022 жылы күшіне енеді», — деді басқарма басшысы.

Добавить комментарий