Алматы қаласының басшысы ұсталғандарға қатысты түсініктеме берді.
«Тұрақсыздық пен экстремистік әрекеттердің артында іштен және сырттан арандатушылар тұр. Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда. Қазір қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынған. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр», — деді Б.Сағынтаев.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 5 қаңтардан 19 қаңтарға Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
«Бұл заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды шешім. Әкімдік қала тыныс-тіршілігінің барлық саласын қалыпқа келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің ортақ мақсатымыз — мегаполистегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, бейбіт азаматтарға қауіп төндірмеу», — деді әкім.
Ол барлық қала тұрғындарын арандатушылық пен заңсыздыққа бой алдырмауға шақырды.
«Осы ауыр өткен түнде әкімдік пен құқық қорғау органдарына барынша қолдау көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Түсіністік танытып, үлкен жауапкершілікпен қаламызға деген сүйіспеншілікті көрсеткендеріңіз үшін рахмет», — деді Бақытжан Сағынтаев.