Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау — құқық бұзушылықтың да, қылмыстың да алдын алудың тиімді әдісі. Жыл басынан бері үйлердің аулаларында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 4 309 қылмыс ашылды. Қаланың бейнемониторинг жүйесін, оның ішінде «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша да кеңейту жоспарлануда.
«Алгоритм бойынша, белгілі бір үйдің тұрғындары ПИК көмегімен камераларды орнатып, техникалық қолдау көрсететін компанияны бекітеді. Тараптар компанияның қызметтері үшін ай сайынғы төлем туралы келісім жасайды. Қызмет құны айына 200-350 теңге аралығындағы соманы құрайды. Алдын ала келісім бойынша, азамат серверді өз пәтеріне жеткізе алады», — деп хабарлады Алматы қаласы ПД ЖПҚ басқарма бастығы Манап Саттаров.
Алматы қаласының Алмалы ауданында тұратын үйлердің бірінің ПИК төрағасы айтып өткендей, мұнда кіреберістер мен бірінші қабаттардың аралықтарына камералар орнатылған. Әр кіреберісте екі-үш камера бар. Тұрғындар кіреберіске сәбилер арбасын, самокаттарын қорықпай қалдыра алады.
«Жақында бұл камера бізге көп көмектесті. Көршіміздің сәбилер арбасын ұрлап кетті, олар бірден хабарласты, біз камераларды қарап шықтық. Бұл бір-ақ күнде шешілді. Сондай-ақ, біздегі камералар көлік тұрағы аймағына да орнатылған. Осы камераларды орнатпас бұрын, біреу біреуді соғып кеткен жағдайлар да болды. Білесіз бе, камералар жай ғана орнатылып, автотұраққа бағытталғанда, адамдар мұнда қауіпсіз екенін түсінеді», — дейді ПИК төрағасы.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында мегаполистің тұрғын алаптарында 121 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған, оның ішінде 33 757-і — көпқабатты үйлердің аулаларында, 33 014-і — жеке секторда, тағы 4 210-і тыныш аудандардың қиылысында орнатылған.