Алматыға гашиш пен марихуананы сәлемдемемен жіберген

АҚШ-тан Алматыға жеткізілген сәлемдемелердің бірінде есірткі табылды.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қаланың Авиациялық көлік прокуратурасымен бірлесіп аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасының жолын кесті.

Ведомствоның хабарлауынша, 2 қазанда Алматы қаласында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде АҚШ-тан пошта жөнелтілімдерін алғаннан кейін есірткі заттары табылып тәркіленген Алматы қаласының тұрғындары ұсталды.

Олардан жалпы салмағы 648,98 грамм марихуана, сондай-ақ жалпы салмағы 675,65 грамм гашиш тәркіленді.

Аталған адамдар Telegram мессенджері арқылы Қазақстан аумағында есірткі сатуды жоспарлады

Тінту барысында электрондық таразылар мен өлшеп орауға қажетті басқа да құралдар табылды.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК 201-бабы тәртібінде тергеу мүддесінде жария етілмейді.

Добавить комментарий