Алкоголь өнімдерінің астыртын цехы әшкереленді, оның қоймаларында шамамен 7 тоннаға жуық спирт сақталған. Ақпаратты ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі ұсынды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында облыс аумағында этил спиртін рұқсат құжаттарынсыз ірі көлемде өткізу мақсатында сақтау фактісі анықталды.
Тексеру барысында спиртті сақтау және сату цехы әшкереленді. Көлемі 1000 литр болатын 6 ыдыс, сондай-ақ спирттің ерекше иісі бар түссіз сұйықтықпен толтырылған көлемі 5 литр 141 бөтелке, қақпақтардың 5 қапшығы және құюға арналған жабдықтар тәркіленді, — деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметі.