Алаяқтың арбауына түскен СҚО тұрғыны 15 млн теңгесінен айырылды

Ер адам интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, 15 млн теңгесінен айырылды. Солтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірінің басшысы полицияға осындай арызбен жүгінді.

Оның айтуынша, оған банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері атынан белгісіз қылмыскер қоңырау шалған.

Ол оның атына біреулердің ірі көлемде несие ресімдеуге әрекет жасап жатқаны туралы және бұған жол бермеу үшін барлық қаражатты “қауіпсіз шотқа” аудару қажеттігі туралы айтқан. Алаяқтарға сенген жәбірленуші өзінің депозитінен 15 миллион теңгені алып, олардың көрсеткен шотына аударған, бұл шот шын мәнінде алаяқтарға тиесілі болған.

Кейін ер адам полицейлерге осындай алдау тәсілі туралы естігенін айтқан. Алаяқтардың сенімді, кәсіби терминдерді қолдана отыра сауатты сөйлеуі оны жалған сөзге сендірген.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Интернет-алаяқтықты ашу кезінде көптеген қиындықтар кездеседі, көп жағдайда желідегі алаяқтар басқа мемлекеттерде, басқа өңірлерде болады. Полиция қызметкерлері халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Басты кеңес: “банкіден қоңырау шалғандарға” сенбеу, тапжылмай сөйлесуді тоқтату. Егерде өз қаражатыңызға қатысты күмәніңіз болса, банк бөлімшесіне барыңыз. Өтіріктің бетін ашу үшін қылмыскерлер өзін таныстырған кезде атаған ұйымға ресми нөмірлері бойынша хабарласыңыздар. Өзіңіздің құпия және қаржы мәліметтеріңізді, парольді, sms бойынша келген cvv- және пин-кодты ешкімге айтпаңыздар», — деп хабарлады СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

 

Добавить комментарий