25 тамыз күні сағат 00:00-ден бастап Қазақстанның бірнеше өңірінде қала сыртындағы тасжолдарда көліктердің жылдамдығын автоматты түрде тіркеу функциясы бар инновациялық Zerek-2 камералары іске қосылады. Бұл жаңашылдық жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға және жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) санын азайтуға бағытталған.
Шымкент — Қызылорда, Шымкент — Өзбекстан, Шымкент — Тараз, Тараз — Қайнар, Қонаев — Талдықорған, Астана — Павлодар, сондай-ақ Көкшетау — Астана тасжолдарда 33 ZEREK-2 бағдарламалық-аппараттық кешені қойылды. Аталған камера жылдамдық режимінің бұзылуын автоматты түрде тіркеуге арналған.
Камераларға түскен жылдамдық режимінің бұзылғаны туралы деректер әкімшілік өндірістердің бірыңғай полиция тізіліміне беріледі. Алынған мәліметтерге сәйкес, тәртіп бұзушыларға автоматты түрде тиісті ұйғарымдар мен айыппұлдар салынады.
Zerek-2 камераларын қала сыртындағы тасжолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту мақсатында орнатылады. Статистика көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының 10%-дан астамы жылдамдық режимінің бұзылуынан орын алып отыр.