Алматы қалалық сотының қаулысымен депутат Қайрат Құдайбергенді қамауға алу мерзімі тағы ұзартылды.
«Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен 17 маусымда күдіктіге қатысты қамауда ұстау мерзімін 3 айға дейін ұзартуға санкция беру туралы өтініш қанағаттандырылды», — деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Қайрат Құдайберген 22 сәуірде Алматыдағы қаңтар оқиғасы бойынша ұсталды.
Алматы қалалық прокуратурасының мәліметінше, Қайрат Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1 және 2-бөлігі (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу) бойынша күдікке ілінді.
Ведомствода атап өткендей, ҚР ҚК-нің 272-бабы 1-бөлігі бойынша жазаның ең ұзақ мерзімі — 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру; 2-бөлігі бойынша — 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қайрат Құдайберген 2018 жылдың наурызынан бастап Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ол белгілі бизнесмен әрі «Q3» холдингінің құрылтайшысы.
БАҚ-тың хабарлауынша, әлеуметтік желіде Қайрат Құдайбергеннің қылмыс әлемінің серкесі «Жабайы Арманмен» бірге Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жүргені көрінетіг суреттер мен видеолар жарияланды.