Африкаға астық тиелген алғашқы кеме келді

Украина астығы тиелген алғашқы құрғақ жүк таситын кеме Африкаға келді.

Африкаға соғыс басталғалы бері Украинадан алғашқы астық тиелген кеме келді. Би-би-сидің хабарлауынша, украиналық астықты Джибути портына Ливан туы ілінген «Брейв Коммандер» кемесі жеткізді. Оның бортында Эфиопияға жіберілетін 23 мың тонна бидай бар.

Кеменің келгенін Украинаның инфрақұрылым министрлігі растады. Астық тиелген кеме 16 тамызда Украинаның Южный портынан шықты, Қара теңізден Үнді мұхитындағы Джибутиге дейінгі жол екі аптаға созылды.

Өткен айда БҰҰ қолдауымен Стамбулда астық тасымалдауға қатысты келісім жасалғаннан кейін Украинаның бақылауындағы Қара теңіз порттарынан теңіз арқылы астық тасымалдау мүмкін болды. Ресей астық экспортына байланысты инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасамауға міндеттенді.

Джибутиге келген бидайдың партиясын БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы төледі. Ведомствоның бағалауынша, бидайдың қаптарға салынып, құрлық арқылы Эфиопияға жеткізілуі үшін бір аптаға жуық қажет, онда 20 млн адам азық-түлік көмегіне мұқтаж.

Украинада соғыс қимылдары басталғанға дейін БҰҰ Азық-түлік бағдарламасы азық-түлік көмегінің төрттен үш бөлігін Украина мен Ресейден алған. Соғыс басталғаннан кейін Украина порттарының бір бөлігі Ресейдің бақылауында болды, ал Одесса және Николаев облыстарындағы порттар бұғатталды. Нәтижесінде экспортқа арналған миллиондаған тонна астық тұрып қалды.

 

Добавить комментарий