Ақтауда спорттық шара — жартылай марафон өтnі, оған облыс тұрғындары және шетелден келген мыңға жуық адам қатысты.
Жарыс КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойына орай өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әмин Тұяқовты қазақ жеңіл атлетикасының бастауы деп айтуға толық негіз бар. Осы саладағы рекордтары мен спортқа деген ерекше құрметінің арқасында оның аты жеңіл атлетика тарихында алтын әріптермен жазылды деуге болады.
Спорт саласының ардагер тұлғасын және жергілікті көрерменді осы спорттық мерекемен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.
«Мұндай ауқымдағы жүгіру марафоны Маңғыстауда алғаш рет өтуде. Осы дүбірлі додада бақ сынауға келген еліміздің өзге өңірлерінің спортшыларына, қонақтарға Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер деймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық, дінаралық татулықтың берік болуы жөнінде жолдауларында жиі айтып келеді. Бүгінгі шара да соның бір айғағы. Себебі, спортта — ұлт, дін бойынша айырмашылық жоқ, тек шын мықтылық қана басты рөл ойнайды. Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпірі мен өзге де елдерден мыңға жуық адам жүгіруге келіп тұр. Әрқайсымыздың ел дамуына қосар үлесіміз мол болсын», — деді Нұрлан Ноғаев.
Марафон барысында белгіленген маршрут бойынша ерлер мен әйелдер арасында 16 жастан жоғары 10 шақырымда әуесқойлар, 18 жастан жоғары 21 шақырым қашықтықта кәсіпқойлар сынға түсті.
Жарысқа Қазақстан, Ресей , Украина, Әзірбайжан, Түркия, АҚШ мемлекеттерінен жүгірушілер қатысты. 10 шақырымға жүгіру қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Ақтөбе облысының спортшысы Ислам Аманқос 1 орын, алматылық Нұрысбек Сексембай 2 орын, ал 3 орынды атыраулық Еркебұлан Аташов жеңіп алды. Ал қыздар арасында алғашқы болып Орал қаласының спортшысы Нұргүл Орынбасар, 2 орында алматылық Асем Кабдуш, 3 орында Ақтау қаласынан Арина Қуанышова жүгіріп өтті.
Ал 21 шақырымда кәсіпқойлар арасында алғашқы болып мәре сызығын алматылықтар, атап айтқанда Рақымжан Келманов пен Александр Антонов, Аман Нұркелді кесіп өтті. Қыздар арасында шымкенттік Ақбілек Құралбай 1 орын, ақтаулық Гүлнұр Елемесова 2 орын, Алматы қаласынан Гүлжанат Самигулиева 3 орын иеленді.