Неміс инвесторлары 2022 жылғы қаңтар айының басында болған оқиғалар Қазақстандағы компаниялардың жоспарларына әсер етпегенін мәлімдеді.
Германия үшін Қазақстан қалаулы серіктес болып табылады, деді Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы.
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр Германияның ірі компанияларының басшыларымен онлайн-кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкімет басшысының сайты.
«Іс-шара Қазақстан-Германия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдету, «жасыл экономиканы» дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ неміс инвесторларының құқықтарын қорғау шараларына арналды», — делінген хабарламада.
Онлайн кездесуге неміс компанияларының және олардың Қазақстандағы филиалдарының, соның ішінде Svevind Group, Volkswagen, Siemens, Deutsche Bank, Knauf, Deutsche Bahn AG және т. б. 90-ға жуық басшылары мен қызметкерлері қатысты.
«Роман Скляр өз сөзінде Германиядан келген серіктестерді Қазақстандағы қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың бастамалары мен Үкіметінің шаралары туралы хабардар етті. Қазақстан Республикасы тұрақты экономикалық өсуді, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету және инвесторлардың құқықтарын қорғау басты назарда екенін атап өтті. Ол Қазақстан үшін шетелдік әріптестермен ынтымақтастық ерекше маңызды екенін атап өтіп, неміс серіктестерін барлық міндеттемелер мен кепілдіктер мүлтіксіз және толық көлемде орындалатынына сендірді», — деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бірінші вице-премьер сондай-ақ ESG талаптарының артуы, жаһандық энергетикалық және технологиялық ауысу жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа Инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеу туралы хабарлады.
Германия экономикасының Шығыс комитетінің төрағасы О. Гермес Германияның аймақтағы басты серіктесі Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша елдің тұрақты энергия өндіруге үлкен әлеуеті бар және Германия үшін қалаулы серіктес болып табылады. Осы тұрғыда ол неміс бизнес-қауымдастығы Қазақстан Президентінің бастамаларын қолдайтынын және еліміздің дамуына үлес қосатынын баса айтты
Оливер Гермес сондай-ақ осы жылдың мамыр айында неміс бизнес-делегациясымен Қазақстанға іскерлік сапармен келуге ниетті екенін мәлімдеді.
«Неміс бизнесінің өкілдері соңғы оқиғалардың Қазақстандағы компаниялардың ағымдағы және болашақтағы инвестициялық жоспарларына әсер етпегенін атап өтіп, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан саясатты қолдайтынын білдірді», — делінген хабарламада.
CLAAS, Deutsche Bahn және Svevind Energy басшылары да ел басшылығының жағдайды тұрақтандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша қабылдап жатқан шараларын қолдады. Олар Қазақстан Республикасымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыратындарын айтты.