Cот шешімі бойынша Ақтөбе қаласының тұрғынына келтірілген моральдық зиянды өндіріледі. Талап қою арызы қала әкімі мен Қаржы министрлігінің үстіне түсті.
«Ақтөбе қалалық соты А.-ның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне, Ақтөбе қаласының әкіміне 100 000 000 теңге көлемінде моральдық залалды өндіру туралы талап қою арызын қарады. Ақтөбе қалалық сотының 2023 жылғы 13 қаңтардағы шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, 5 000 000 теңге сомасында моральдық зиян өндірілді», — деп хабарлайды Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұған дейін ер адам жеті жылға сотталған болатын. Алайда Жоғарғы сот сот актілерінің күшін жою және апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа сот қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
Одан кейін Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 12 тамыздағы үкімімен А. есімді азамат ақталды.
«Талап қоюшыға қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды оңалту және өтеу құқығы танылды», — деп анықтады соттағылар.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.