Ақтөбе облысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған тұрғын үй бағдарламасы іске асады.
«Ақтөбе жастары» бағдарламасына дәрігерлер, педагогтар, мәдениет және спорт қызметкерлері, журналистер қатыса алады
Ақтөбе облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Ол 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуға көмектеседі. Бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қызметкерлері, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала, мемлекеттік және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ ТЖД қызметкерлері мен ауылшаруашылығы саласының өкілдері қатыса алады, деп хабарлайды «Отбасы банк» баспасөз қызметі.
Жоба Астанада өткен VII «Aktobe Investment — 2022» халықаралық инвестициялық форумы аясында таныстырылды. Онда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Ақтөбе жастарын» жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.
«Соңғы бес жылда Отбасы банкінде жас салымшылардың депозиттік базасы 35%-ға өсті. Қазір 18 бен 35 жас аралығындағы 925 мың қазақстандық болашақта баспана алу үшін жинақ шоттарына ақша жинап жатыр. Бұл біздің жастардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенім артатынын білдіреді. Біз оған қолдау көрсеткіміз келеді. Сондықтан әкімдіктермен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша тұрғын үй бағдарламаларын белсенді түрде іске қосып жатырмыз. Ақтөбе облысы — тоғызыншы өңір. Жастар бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті әкімдік 300 млн теңге бөледі және сондай соманы Отбасы банкі де бөледі», — деп түсіндірді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы қазірдің өзінде Алматы, Астана қалаларында, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында және БҚО-да жұмыс істеп тұр. Дәл осындай бағдарлама Жетісу мен Абай облыстарында да іске қосылады деп күтілуде. Облыс әкімдіктері мен Отбасы банкінің жастарды несиелендіруге бағыттаған ортақ бюджеті қазірдің өзінде 60 млрд теңгеден асып түскен.
Қатысушылар пулы құрылғаннан кейін, олардың барлығы Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Үміткерлер өздерінің төлем қабілеттілігін растап, жылдық 5 пайызбен заем ала алады. Мұнда алғашқы жарна 10% ғана болады. Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге. Баспананы алғашқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады.
«Ақтөбе жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын талаптар:
- Өтінім берген кезде қатысушының жасы 35 жастан (қоса алғанда) аспауы керек.
-
Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы.
-
Ақтөбе облысында таңдаған сала бойынша ресми жұмыс өтілі – соңғы 12 айдан кем емес.
Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.