Ақтөбе облысында өзен арнасын тереңдету жұмыстарының тоқтап қалуына не себеп болғаны аталды

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірде сегіз өзеннің арнасын тереңдету жобасы неліктен тоқтатылғанын түсіндірді.

«Осыдан үш жыл бұрын бюджеттен 8 өзеннің арнасын тереңдету үшін 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы жұмыстың кесірінен жергілікті өзендер мен су қоймасы ылғал көзінен айырылды. Экологтар осының салдарынан Ақтөбе облысында ауыз су жетіспеушілігі туындауы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Биыл Шалқар көлінің түбін тазартуға 3 млрд теңге бөлінді.

Осы жұмыстардың халыққа қандай пайдасы бар? Нәтижесінде өзендердің суы көбейген жоқ қой», — деп сұрады журналист.

«6 млрд теңге туралы ақпаратқа қатысты қателік бар. Жобаның толық сомасы 6 млрд теңге. Жоба қазір тоқтатылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Сол кезде қоғамдық қауымдастық мүшелерімен бірге жобаны тоқтата тұру туралы шешім қабылданған.

Жобаны жетілдіруге және түзетуге жіберілді. Түзету экологиялық қауымдастықтың талап-тілектерін ескере отырып енгізіледі. Сіз айтып өткен қаражат жұмсалған жоқ», — деді Оңдасын Оразалин.

Оның айтуынша, өзендердің суы азаюы климаттық өзгерістермен байланысты деген болжам бар. «Өзен арнасын тереңдетуге келетін болсақ, қаншалықты қажет екенін сараптама аяқталғаннан кейін оның айтамыз. Жобаны мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесінің де басы ашық күйінде тұр. Өңір тұрғындарынан Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары қажет пе, жоқ па дегенді сұраған жөн деп ойлаймын. Меніңше, бұл жұмысты жүргізу керек.

Тұрғындардың өтінішін Мемлекет басшысы да қолдаған болатын. Аспаннан жауатын жаңбырдың көлемі бізге байланысты емес қой. Бір жыл бір жылға ұқсамай тұр. Алдағы жылдарда өңірдегі өзен арналары қалпына келеді деп үміттенемін», — деді Оңдасын Оразалин.

Добавить комментарий