
Ақтөбе облысы Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.
Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті хабарлағандай, Ақтөбе облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Иманалин Н.Ж мен “Ақ Саток” ЖШС директоры Қойбағаров алаяқтықтық жолмен аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған.
“Иманалин Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылында 320 орындық мектеп құрылысына бөлінген 60 703 175 теңге сомасындағы бюджеттік қаражатты жеке компания директоры Қойбағаровпен алдын ала сөз байласып, бір топ адаммен алаяқтық жолмен жымқырды деп күдіктенді.
Сонымен қатар, компания мектеп құрылысы объектісінде орындалмаған жұмыстар түріндегі міндеттемелерді тиісінше орындамай, мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша 22 474 872,23 теңге мөлшеріндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету сомасының үш пайызын жеке компанияға негізсіз қайтарғаны үшін лауазымды өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді”, – деп хабарлады ведомство.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, шенеунік ТЖ кезінде полиция қызметкерлеріне бағынбады және қорқытты деген күдікке ілінген.
2020 жылғы 25 желтоқсанда Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен Иманалин жеті жылға (ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы, 379-бабы және 380-бабы 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айырылды.
Қойбағаров осы үкіммен (190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы) коммерциялық ұйымдарда 10 жыл бойы қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.