Билл Гейтс АҚШ-та қалдық қалдырмай жұмыс істейтін жаңа буын ядролық реакторын салу жоспарланып отырғанын айтты.
Хабарланғандай, америкалық энергетикалық TerraPower және PacifiCorp компанияларының жетекшілері Билл Гейтс пен Уоррен Баффет жаңа буын Natrium ядролық реакторын салатын жерді таңдады.
АҚШ-тың Вайоминг штатында бұрынғы көмір шахтасының аумағында жылдам нейтрондарға арналған реактор салынады. Станцияның нақты орны 2021 жылдың соңына дейін жарияланады. Жоба қуаттылығы 500 мегаватт болатын натрий жылу тасымалдағышы және тұз балқымалары негізінде энергия жинақтағышы бар реакторды қамтиды.
Жетілдірілген көміртексіз реакторды пайдалану жаһандық климаттың өзгеруінен қорғау мақсатында альтернативті энергия көздеріне көшу бағдарламасын толықтырады.
Natrium энергетика саласындағы ережелерді өзгертеді, — деді Гейтс.
2020 жылдың соңында АҚШ Энергетика министрлігі Natrium жобасын әзірлеу үшін 80 млн доллардан астам қаржы бөлген. Қондырғының жалпы құны шамамен бір миллиард доллар.