АҚШ Шығыс Еуропа аумағына 101-ші әуе-десанттық дивизиясын жіберетінін мәлімдеді.
НАТО жанындағы АҚШ миссиясы Румыния, Болгария, Мажарстан және Словакияға 2,4 мыңға жуық сарбаз жіберілетінін хабарлады
НАТО АҚШ-тың 101-ші әуе-десанттық дивизиясынан 2,4 мың сарбазды Болгария, Мажарстан, Румыния және Словакияға жіберіп, Еуропаға әскери күшін нығайтпақ. Бұл туралы АҚШ-тың Солтүстік Атлант альянсы жанындағы миссиясы Twitter-де хабарлады.
«НАТО-ның шығыс қапталын қорғау, одақтастары нығайтып және жау кқштерін тежеу үшін Румыния, Болгария, Мажарстан және Словакияға 2,4 мыңға жуық сарбаз жіберіледі», — делінген хабарламада.
АҚШ президенті Джо Байден Мадридте өткен НАТО саммитінде (28-30 маусым) АҚШ-тың Еуропадағы әскери күшін нығайтатынын жариялады. Пентагон аталған төрт елден басқа, Польшада тұрақты болатын бесінші армия корпусының штабын, армия гарнизонының штабын және далалық тылдық қамтамасыз ету батальонын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Құрама Штаттар Балтық елдерінде ротациялық күштерін арттырады. Бұл өзгерістер броньды танк әскерлерін, авиацияны, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін және арнайы мақсаттағы әскерлерді орналастыруды көздейді.