АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі қоғамдық денсаулық сақтау саласында маймыл шешегіне байланысты төтенше жағдай жариялау туралы мәселені қарастырып жатыр.
The Washington Post хабарлағандай: «Байден әкімшілігі елімізде маймыл шешегінің өршуіне байланысты қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жариялау мүмкіндігін зерттеп жатыр, сондай-ақ, Ақ үй вирустың таралуына қарсы әрекет ету үшін үйлестіруші тағайындауды жоспарлап отыр», — делінген материалда.
Аталып өткендей, Ақ үй басшылары демалыс күндері денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктерімен бірлесіп, ДДСҰ сенбі күні маймыл шешегін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялағаннан кейін вирусқа қарсы күрес бойынша алдағы қадамдарды талқылады.
Басылымның мәліметінше, денсаулық сақтау министрлігінің кейбір шенеуніктері төтенше жағдай жариялау қажет деп есептейді, себебі үкіметке бюрократиялық қағазбастылықты болдырмауға, вирустың таралуы туралы мәліметтерді жинауға өкілеттік береді.
Ал басқаларының пікірінше, бұл қадам негізінен символикалық сипатқа ие және вакциналардың жетіспеушілігі мен емдеуде туындаған қиындықтар проблемасын шешпейді.
Басылымның хабарлауынша, шенеуніктер осы аптада төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдауға үмітті. Сонымен қатар, вакцинаның 800 мыңға жуық қосымша дозасының бөлу жоспарланып отыр.
Маймыл шешегі — сирек кездесетін вирустық ауру, ол негізінен Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында кездеседі. Оның белгілері — жүрек айну, дене қызуының көтерілуі, бөртпе, қышу, сондай-ақ адамның денесі ауырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 14 шілде күні маймыл шешек жұқтырудың расталған жағдайларының жалпы саны әлемнің 10-ден астам елінде 60 мыңнан асқанын хабарлады. АҚШ-та шамамен 2 900 жағдай тіркелді.