АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы Дональд Трамптың жақтастары Капитолийге шабуыл жасағаннан кейін 160-тан астам іс қозғады. ФТБ оқиға орнынан 100 мыңнан астам бейнежазба мен фотосуреттер алды және оларды қылмыстың дәлелі ретінде зерделейді.
Алты адам қаза тапқан жаппай тәртіпсіздіктен кейін ФТБ көпшіліктен Капитолийге шабуыл жасағандарды анықтауды жеңілдететін фотосуреттер мен бейнежазбалар сұрады.
«Алты күннің ішінде біз 160-тан астам іс қозғадық. Біз өз жұмысымызды Америка халқының жәрдемінсіз атқара алмаймыз», — деді ФТБ Вашингтон өңірлік бөлімшесі басшысының орынбасары Стивен Д’Антуоно.
Оның айтуынша, ФТБ оқиға орнынан 100 мыңнан астам бейнежазбалар мен фотосуреттер алып, оларды айғақ және дәлел ретінде зерделейтін болады. АҚШ прокурорының міндетін атқарушы Майкл Шервин 70 іс бойынша айып тағылып, олардың саны жүздеген адамға дейін артады деп күтіледі деп атап өтті.
Шервин қаралып отырған істердің ауқымы өте кең екенін және оған Капитолийге заңсыз кіру, пошта ұрлау, цифрлық құрылғыларды ұрлау, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты ақпаратты ұрлау, кісі өлтіру, бүлік пен астыртын әрекет, сондай-ақ азаматтық құқықтарды бұзу кіретінін атап өтті. Көптеген айыптаулар бойынша 20 және одан да көп жыл мерзімге түрмеге қамау қарастырылған.
«ФТБ-ның жады мен қолдары ұзын бар. Егер сіз Колумбия округінен кететін болсаңыз да, біздің жергілікті бөлімшелердің агенттері сіздің есігіңіздің алдына келетін болады», — деп ескертті Д’Антуоно.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 6 қаңтарда Дональд Трамптың жақтастары президент сайлауының нәтижелерін бекіту жөніндегі конгресс отырысы өткен Капитолийге басып кірген болатын. Наразылық білдірушілерді таратып жіберу үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, конгрессмендерді ғимараттан эвакуациялады. Одан кейін өкілдер палатасы мен сенат пікірталасты жалғастырып, демократ Джо Байденнің 2020 жылғы 3 қарашадағы сайлаудағы жеңісін растады.