АҚШ: Қазақстан адам саудасы бойынша бақылау тізіміне енгізілді

АҚШ Қазақстанды адам саудасы мәселелері бойынша бақылайтын болады. Елді Вашингтонның ерекше бақылауында болатын мемлекеттер тізіміне енгізді.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мәлімдеді.

«Адам құқығы мен бостандығы біздің мемлекетіміз бен өзге де ұйымдар үшін жоғары құндылық болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан БҰҰ желісі бойынша адам құқықтарын қорғау саласындағы барлық негізге алынатын халықаралық шарттарды ратификациялады. Адам саудасына қарсы күрес саласындағы 25 халықаралық келісімді, оның ішінде адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі БҰҰ Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Палерма хаттамасын ратификациялады. Бас прокуратура мен ІІМ-нің статистикалық мәліметтері бойынша, жыл сайын адам саудасына байланысты тіркелген қылмыстар саны төмендеп келеді», — деді Тастемір Әбішев Министрліктер үйінде, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесінің отырысы алдында.

Мұндай баяндама осы жұмысты халықаралық ауқымда жетекшілік ететін АҚШ Мемлекеттік департаментін қанағаттандырмайды.

«Мысалы, үш жыл ішінде 1,1 мың қылмыс тіркелген және барлығы 242 адам сотталды, 2020 жылы 9 айдың ішінде жалпы 30 адам сотталды. Бұған АҚШ Мемлекеттік департаменті мен еліміздің дағдарыс орталықтары ерекше назар аударды. АҚШ Мемлекеттік департаменті өз баяндамасында атап өткендей, Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес саласында атқарылып жатқан жұмыстар істің мән-жайына сәйкес келмейді және Қазақстанға осы салада, атап айтқанда, адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ Қазақстанда адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмысты күшейтуді ұсынды», — деп қорытындылады Әбішев.

Добавить комментарий