Тоқаев пен Назарбаев ақын Шөмішбай Сариевтің отбасына көңіл айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев 75 жаcқа қараған шағында дүниеден озды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«Шөмішбай Нағашыбайұлы қазақ поэзиясының көшін алға бастаған қаламгердің бірі болды. Өрелі өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Ұзақ жылғы шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп, халқымыздың рухани байлығын дамытуға мол үлес қосты.», — делінген жеделхатта.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Шөмішбай Сариевтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

“Нұрсұлтан Назарбаев ақынның қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтіп, ақынның жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры ел жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді”, — деп жазды Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-де.

Естеріңізге сала кетейік, Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданы Шөміш станциясында дүниеге келген.

Еңбек жолын Қазалы аудандық “Ленин туы” газетінде бастаған, Арал аудандық “Толкын” газетінде жұмыс істеген. Кейіннен “Қазақстан” баспасының редакторы, “Жұлдыз” журналының бөлім меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болды.

1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» жұмысын қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алды. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзия» атты монография жазды. Алғашқы өлеңдері 1974 жылы жарық көрді.

Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы “Жазушы” баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы “Сүйінші” деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ болып басылған.

Добавить комментарий