Қарағандылық кәсіпорын қытайлық кәсіпкерлермен темір кенінің ірі партиясын сату бойынша заңсыз келісімінен 1,1 миллиард теңгеден астам табыс көрген. Оның басшыларына 14,5 миллион теңгеге дейінгі айыппұл салынады немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Қарағандылық кәсіпорын 120 тоннадан астам темір рудасын Қытайға заңсыз сатқан, деп хабарлайды ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
2021 жылғы қаңтарда Қарағанды облысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз өңір аумағында темір кенін өндіру фактісінің жолы кесілді.
«2016-2017 жылдар аралығында облыстағы коммерциялық кәсіпорындардың бірі 128 тоннадан астам темір кенін өндіріп, үлестес компания арқылы ҚХР-на өткізген. Соның арқасында, сомасы 1,1 млрд. теңге болатын пайда көрген», — делінген хабарламада.
ҚМА аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі (заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігінің санкциясы 14 585 000 теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуді (5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін) немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, немесе 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.