Илон Маск жануарларға қатысты тәжірибелердің қалай ілгерілеп жатқаны туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол маймылға сәтті чип орнатылғаны туралы мәлімдеді. SpaceX мен Tesla негізін қалаушының сөзін Bloomberg агенттігі келтіреді.
Илон Маск өзінің Neuralink компаниясының кезекті тәжірибесі туралы байланыс және онлайн-конференциялар үшін құрылған Clubhouse әлеуметтік қосымшасында хабарлады.
Кәсіпкерден Neuralink-тің соңғы әзірлемелері туралы сұраған қолданушылардың бірімен әңгімелесу барысында Илон Маск компанияда миына сымсыз имплант орнатылған маймыл пайда болғанын мәлімдеді.
«Ол өз ақылымен бейнеойындар ойнай алады», — деп нақтылады Илон Маск.
Оның айтуынша, чип жануар терісінің астында толығымен жасырылған және оған зиян тигізбейд. SpaceX негізін қалаушы Neuralink-те «маймылдарға өте жақсы жағдай жасалған» деді.
«Болашақта маймылдардың бір-бірімен пинг-понг ойнағанын қалаймыз», — деп мойындады кәсіпкер.
Сондай-ақ, қолданушылармен әңгімелесу барысында Илон Маск чип орнату технологиясының мақсаты ми және жұлын жарақаттарының салдарын жою және науқастарға жоғалған қабілеттерін қайтару болып табылатынын мәлімдеді.
«Бұл бассүйегінде миға қосылған кішкентай сымдары бар Fitbit (осы аттас америкалық компания өндірген фитнес-білезік — ред.) тәрізді», — деп түсіндірді Neuralink иесі имплант құрылғысын.
2020 жылдың тамыз айында Илон Маск өзінің Neuralink компаниясының мамандары шошқаларға сәтті чип орнатқанын айтты. Инженерлер жануарлардың миына имплант орнатып, денсаулығына зиян келтірмей оны алды. Чиптің көмегімен ғалымдар сымсыз байланыс арнасы арқылы жануарлар миының сезімталдық орталықтарының белсенділігін қадағалай алды. Neuralink 2016 жылдың шілде айында құрылды.