Қытай Қазақстаннан келетін жүк пойыздарының саны артқанын мәлімдеді. Бұл туралы ҚХР мен ҚР арасындағы 2021 жылғы 27 қаңтар мен 1 ақпан аралығында бейнеконференция форматында өткен келіссөздерде айтылды
COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеу мәселелері шешілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қытайлық тарап ҚР-дан жүк пойыздарын қабылдауды арттыру бойынша шаралар қабылдайды: Алашаңқай станциясына — тәулігіне 18 пойызға дейін, ал 1 наурыздан бастап тәулігіне 20 пойызға дейін, Қорғас станциясына — тәулігіне 8 пойызға дейін, 1 наурыздан бастап тәулігіне 10 пойызға дейін. Тараптар жоспарланған жүк көлемін қабылдау және өңдеуге Достық-Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас станциялары бойынша терминалдардың қайта тиеу қуаты толық дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қытайлық тарап ҚР аумағында тұрып қалған азық-түлік жүктері бар жабық вагондарға қатысты шұғыл шаралар қабылдайды. ҚХР 1 ақпаннан бастап Алашаңқай және Қорғас станцияларының аумағында тұрған жабық вагондарды түсіруді бастады. Мұнда 430 жабық вагон туралы сөз болып отыр. Бұдан әрі Қазақстан аумағында орналасқан 2 200 жабық вагонды қабылдау жоспарланған.
Вагондарды ұзақ қабылдау себептерінің бірі — Қытай жағында жылжымалы құрамды зарарсыздандыру жүргізу. Осыған байланысты қазақстандық тарап сертификаты халықаралық деңгейде танылған және Қытай мемлекеттік сәйкестікті бағалау жөніндегі комитеті (CCIC) аккредиттеген «China Certification & Inspection Group» сертификаттау жөніндегі компанияны (CNAS) тарта отырып, ҚР аумағында сыртқы дезинфекция рәсімін жүзеге асыруға дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, бейнеконференция барысында тараптар ҚР мен ҚХР арасындағы шекаралық өткелдердің инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға келісті. Екі елдің теміржолшылары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС — «Алматы ЖТ бөлімшесі» филиалы мен «Үрімші темір жолы» ЖШҚ Халықаралық тасымалдау департаменті өкілдерінің қатысуымен апталық жұмыс кездесулерін өткізуге ниетті.