Мьянмада төңкеріс жасаған әскерилер вице-президент Мьинт Швені елдің уақытша президенті етіп тағайындады. Ал мемлекет билігі Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы, аға генерал Мин Аунг Хлайннің қолына өтті.
Irrawaddy жаңалықтар интернет-порталының хабарлауынша, төңкерісті ұйымдастырушылар уақытша президентті тағайындауды 2008 жылғы конституцияның 418-бабымен түсіндіреді. Онда елде төтенше жағдай енгізілген жағдайда осындай тағайындау болады деп жазылған.
Мьинт Шве 2018 жылы бұрынғы президент Тхин Чжо отставкаға кеткеннен кейін Мьянма президенті міндетін атқарған.
Синьхуа жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, уақытша президент Мьинт Швенің қолы қойылған декларация әскерилерге тиесілі «Мьявади» телеарнасының эфирінде оқылды. Декларацияда мемлекет билігі Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы, аға генерал Мин Аунг Хлайнға беріледі делінген.
Сондай-ақ, Мьянма әскерилері мемлекет басшылары ұсталғаннан кейін бір жылға төтенше жағдай жариялады.
Бұған дейін белгісіз біреулер Мьянма мемлекеттік кеңесшісі Аун Сан Су Чжи, үкімет басшысы, сондай-ақ ел президенті Вин Мьинді тұтқынға алған. БАҚ-та бұған дейін сайлау өткен соң Мьянмада мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін деген хабарлама тараған болатын.