Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері болып қайта сайланды

Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрлан Нығматулинді Мәжіліс спикері болып қайта тағайындалуына бірауыздан дауыс бергені белгілі болды.

Есеп комиссиясы Нығматулиннің кандидатурасына берілген барлық дауыстарды санап, мынаны анықтады: 100 бюллетень таратылды, жәшікті ашу кезінде 100 бюллетень анықталды, жарамсызы жоқ, 100 депутат қолдап дауыс берді, қарсы дауыс бергендер жоқ, — деді есеп комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерман.

Мәжілістің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау туралы Қаулысы қабылданғаннан кейін Нұрлан Нығматулин көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді.

Бұл мен үшін өте үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, барлық депутаттық корпустың, қазақстандық қоғамның алдында үлкен жауапкершілік. Маған артылған сенімді ақтау үшін барлық жинаған білімімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын, — деді Нұрлан Нығматулин.

14 қаңтарда Нығматулинді Мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.

Нығматулин 2016 жылғы 22 маусымнан бері Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып келеді.

Добавить комментарий