Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасы жаңа Су-30СМ жойғыш ұшақтарымен толықты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Көпфункционалды Су-30СМ 4++ буынды жойғышы қарсыласқа қарсы атыс іс-қимылы жағдайында алыстан ауқымды әскери міндеттерді орындауға қабілетті. Ол Әскери-әуе күштерінің қару-жарағында тұрған Су-27 және Миг-31 сияқты екі түрлі жауынгерлік машиналардың функцияларын біріктіреді.
Жаңа жойғыш ұшақтар әскерді қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында келді.
«Cу-30СМ ұшақтары әуе шабуылы құралдарының соққыларынан әскерлер мен объектілерді қорғау, әуедегі және жердегі нысаналарды табу мен жою мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Олар өздерінің ұшу және тактикалық-техникалық сипаттамасы бойынша ұтқырлығымен және жоғары деңгейде автоматтандырылғанымен ерекшеленетін 5-ші буынды ұшақтарға ұқсас», — деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.
Әскери-әуе күштерінің ұшу экипаждары әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерімен өзара бірлесіп, еліміздің әуе шебін күзету үшін тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте болады. Қандай да бір қауіп төнгенде және штаттан тыс жағдайларда іс-қимылды үйлестіретін Әуе қорғанысы күштерінің жалпы құрылымына кіреді.
Ведомствода хабарлағандай, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың негізгі міндеттерін әуе кеңістігін пайдалануды радиолокациялық бақылауды жүзеге асыратын және маңызды объектілерді қорғауды қамтамасыз ететін зениттік зымыран және радиотехникалық әскерлер орындайды.
Олардың қару құрамына ауқымды, орта және жақын қашықтықтағы әрекеттерге арналған зениттік зымыран кешендері бар. Олар әуе нысаналарын биіктігі 25 метрден 40 километрге дейін, 7 километрден 250 километрге дейін жоя алады.
Әуе объектілерін анықтауға автоматтандырылған заманауи «Роса», «НҰР» радиолокациялық станциялары, басқару жүйелері мен байланыс құралдары қолданылады.
«Роса-РБ-М» станциясы төменгі жылдамдықтағы шағын көлемді төмен ұшатын нысаналарды ұтқыр және жоғары дәлдікпен анықтайтын қабілетке ие. Объектіні анықтаған соң РЛС автоматтандырылған басқару жүйесіне оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат береді.
Қазақстандық өндірістің «GM 403 НҰР» мобильді радиолокациялық станциясы әуе объектілерінің координаттарын анықтау бойынша жаңа сандық жүйе болып табылады.
Сонымен қатар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне орта қашықтықтағы «БУК-М2Э» көп каналды ұтқыр зениттік зымыран кешені жеткізілді. Тактикалық-техникалық сипаттамалар бойынша бұл заманауи көп мақсатты кешен шетелдік нұсқаларынан айтарлықтай асып түседі.
Ол стратегиялық және тактикалық авиация ұшақтарын, тікұшақтар мен қанатты зымырандарды жоюға арналған. «БУК-М2Э» зениттік зымыран кешені белсенді радиолокациялық іс-қимылға қарсы жағдайларда қойылған міндеттерді сәтті шешуді қамтамасыз ете алады.
Бүгінде еліміздің қорғаныс кәсіпорындарында ескі парктің «П-18» сияқты радиолокациялық станцияларын жаңарту жүргізілуде. Бұл станцияларды жетілдіру олардың ресурстарын ұлғайтып, ұтқырлығын және басқа да тактикалық-техникалық сипаттамаларын арттырады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрылымын техникалық жабдықтау әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін күшейтеді, еліміздің әуе шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.