Таиланд Сауда министрлігі Қызыл теңіздегі хуситтердің ықтимал шабуылдарына жауап ретінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шараларды енгізуге белсенді дайындалып жатыр. Bangkok Post газетінің хабарлауынша, ведомство жоғары қауіп жағдайында траспорттық кемелердің қауіпсіздігін сақтау маңызды деп есептейді.
Жақында Қызыл теңіздегі хуситтердің кемелерге жасаған шабуылдары Таиландтың жалпы экспорттық белсенділігіне әлі жағымсыз әсер еткен жоқ. Дегенмен, министрлік дағдарыс созылмалы болса, төтенше шараларды енгізуге дайын, деп хабарлады Сауда министрлігінің тұрақты хатшысы Кирати Рачано.
Шиеленіс басылмайтын болса, Таиланд COVID-19 пандемиясында порттардың шамадан тыс жүктелуі кезіндегідей контейнерлер мен контейнерлік алаңдардың әлеуетті тапшылығына тап болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өндірістік шығындарды арттырып, әсіресе Қытайдың Жаңа жылы кезеңінде транспорттық алаңдар үшін бәсекелестікті күшейтуі мүмкін, деп ескертті Таиланд Сауда министрлігінің өкілі.
Кемелерге шабуыл жасау жағдайлары бірнеше компанияның Қызыл теңіз арқылы бағыттарын уақытша өзгертуіне алып келді. Олардың арасында Maersk, Euronav, CMA CGM, Hapag-Lloyd және BP сияқты ірі ойыншылар бар.