Сенат депутаттары жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы Келісім интеграциялық бірлестіктің бүкіл аумағында еңбек ресурстарының еркін қозғалысына жағдай жасаған нормаларды бекітті. Осыған байланысты тиісті келісім әзірленді. Бүгінгі келісімнің негізгі мақсаты зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы аударымдарын тағайындау және экспорттау кезіндегі мәселелерді шешу болып табылады», — деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.
Қазіргі уақытта мүше мемлекеттерде әртүрлі зейнетақы жүйелерінің жұмыс істеуімен жағдай күрделенеді. Мысалы, Беларусь Республикасында жинақтаушы жүйе жоқ. Қазақстан, Ресей, Армения жинақтау жүйелерiнiң елеулi айырмашылықтары бар. Зейнетақы жүйелерін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылықтар бар. Бұдан бөлек, олар зейнетақы жасына, мөлшеріне, еңбек өтіліне, зейнетақы аударымдарының көзіне және басқа да параметрлеріне қарай құрылымдық жағынан ерекшеленеді. Ал зейнетақымен қамсыздандыру құқығы еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтар үшін ғана қарастырылған.
Министр қазіргі уақытта тұрақты тұратын шетелдік азаматтар үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі реттелгенін атап өтті. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен «жұмыс» мақсатымен келген еңбекшілер үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері реттелмеген күйде қалып отыр.
«Әрбір мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы бойынша зейнетақы төлейтін болады. Осылайша, Қазақстанда және Қырғызстанда азаматтардың аталған санаты үшін зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары төленбейді», — деп түсіндірді Нұрымбетов.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім еңбекшілерді зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы проблемалық мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, еңбекшілердің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең құқықтарын қамтамасыз етілетін болады; әрбір мемлекет өз аумағында жұмыс өтілі кезеңдері үшін (қалыптасқан құқықтар) зейнетақы төлейтін болады; әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді; зейнетақы экспорты мәселесі реттелетін болады.
«Қазақстанда аталған келісімді жүзеге асыру бойынша уәкілетті орган Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылады. Келісімді іске асыру үшін мүше мемлекеттердің уәкілетті органы белгіленеді, сондай-ақ өзара қарым-қатынас тәртібі бекітіледі», — деп түсіндірді министр.
«Келісім өзекті болып табылады, себебі оны ратификациялау еңбек мигранттары жұмыс істеген елде зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Мысалы, келісімді ратификациялағаннан кейін, егер осы елдердің қандай да бір азаматы ЕАЭО елдерінің бірінде немесе тіпті бірнеше елде жұмыс істеген болса, содан кейін отанына келсе, онда ол зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін олардың зейнетақысының бір бөлігін алады.
Біздің ойымызша, бұл еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз етудің әділ тәсілі. Заң жобасын қабылдау олардың табыстарын заңдастыруға қосымша серпін береді, адамдарға қазіргі уақытта олар жұмыс істейтін елде зейнетақы жарналарын жасау тиімді болады, өйткені бұл оларға зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төленетін зейнетақы төлемдеріне ғана емес, сондай-ақ мүгедектігі бойынша жәрдемақыларға, қызметкер қайтыс болған жағдайда мұрагерлер берілетін жәрдемақыларды алуға құқылы болады. Яғни, жұмыс істейтін елде зейнетақы төлемдерін жүргізе отырып, адам өзінің зейнетақы құқықтарын өзі жұмыс істейтін ел азаматтарымен бірдей қорғауды қамтамасыз етеді», — деп қолдады жобаны сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Ратификациялау туралы заң мемлекет басшысына қол қоюға берілді.